ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ ТУРИЗМ
Posted by: Қалмұрат
in Жас буын, Кәсіпкерлік, Қоғам, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
09/11/2022
38 Views
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып саналған. Қазақстандағы туристік ресурстарға: туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.
Туризм (франц. tourіsme, tour – «серуендеу») – адамның бос уақытында (жұмыс бабымен не туған-туысқа қыдыру емес) өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін, тәуекел жасау үшін, көріп қызықтау үшін, яғни субъективті рухани қажеттілік бойынша басқа бір жерге ерікті саяхаттап, серуендеп баруы. Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заңда берілген анықтама бойынша: «Туризм – жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты». Діни туризм – өзінің тұрғылықты жерінен жарты жылдан көп емес уақытқа, діни сенімдеріне байланысты қасиетті жерлерге сапар шегу. Діни туризм термині «рухани туризм» және «қасиетті туризм» немесе «сенім туризмі» сияқты басқа да түсініктер жиі бір-бірінің орнына қолданылады. Қазіргі таңда мінәжат етуді дамыту құралы ретінде діни туризмге көп көңіл бөлінуде. Діни туризм халықаралық байланыстың кеңею, ұлттық мәдениеттің даму және басқа да халықтардың мәдениетімен танысу құралы болып табылады.
Статистикаға сүйенсек тарихи-мәдени нысандардың көп шоғырлануы бойынша еліміздің оңтүстік аймағы алдыңғы қатарда екені баршамызға мәлім. Қазақстан діни ескерткіштерге, киелі жерлерге өте бай мемлекет. Барлығымызға біршама танымал тарихи – мәдени нысандар: Түркі халықтарының рухани астанасы болған киелі Түркістан өңірінде орналасқан Қoжa Axмeт Яcaуи, Арыстан Баб, Укаша ата, Гауһар ана кесенелері, аңызы мен әфсанасын, өркениеті мен тарихын жарты әлемге паш еткен қасиетті Тараз топырағындағы таңғажайыптардың бірі – Қaрaxaн кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бaбaджa қaтын кeceнeci, XII-XVI ғасырларда Сырдариядағы сауда тармағы ретінде кеңінен танымалдыққа ие болған Сауран қалашығы, Қызылорда облысындағы – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Ислам мешіттерімен қатар, Қазақстанда Вознесенский кафедралы соборы (Алматы), Успенский кафедралы соборы (Тараз), Свято-Троицкий ғибадатханасы (Өскемен), Воскресенский соборы (Семей) сияқты керемет православие шіркеулері орналасқан. Сонымен қатар елдің оңтүстік-шығысы мен Алтайда Қазақстан аумағындағы буддизмнің болу тарихын айқындайтын нысандар қатары бар.
Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Сол кешеннің ішінде ашық аспан астындағы – «Этносаябақ» өңіріміздегі діни туризм орындары туралы көрнекі ақпарат мекені ретінде үлкен маңызға ие. Себебі «Этносаябақтың» жоғарғы жағында еліміздің тарихи-сәулет ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Бұл макет өз кезегінде этно-тарихи кешеніне келуші тұрғындар мен қонақтарды таңдай қақтырмай қоймады. Себебі тарихтың терең иіріміне ендіретін макеттер асқан шеберлікпен орындалып, өзіне келуші алыс-жақын шет елдік туристтерді тартуда.
Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына өз септігін тигізуі үшін қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Әрине, қажетті арнайы мамандарға жұмыс орнын ашу үшін туризм инфрaқұрылымын дамытып, туризм caлacының мaтeриaлдық бaзacын жасақтау қажет. Еліміздің діни туризм саласының дамуы үшін ең алдымен мына мәселелерді шешу қажет:
– Кейбір зиярат ету орындарына баратын жерлерді табу қиынға соғатындықтан, ұялы телефон арқылы барған жерінің координаттарын анықтау арқылы баратын жерді оңай таба алатын қосымша (карта) жасалынса. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін таптырмас жоба деп санаймыз;
– Түркістан облысы көлемінде зиярат ету орындарында интернет және байланыс өте нашар. Ал, шетелдік кейбір туристер сол зиярат орнынан сурет, видео, естелік, сәлемдеме жолдауға мүмкіндік таппай жатады. Сондықтан, интернет мүмкіндіктерін жандандыру қажет. Бұл да өз кезегінде діни туризм нысандарының танымалдылығын арттырады деп сенеміз;
– Қайда саяхаттауға немесе зиярат етуге болады деген сұраққа жауап ретінде қосымша ойлап табылса. Ол қосымшада саяхаттауға және зиярат етуге мүмкін орындар мен анықтамалар, ыңғайлы уақыттар, тіпті қаржы шығындарын есептеу мүмкіндіктері қарастырылса;
– Зиярат орындары мен тарихи-мәдени орындардың электронды нұсқада гид анықтамасы жасалса. Аталған құрылғы қазіргі таңда тек Қ.А.Ясауи және Арыстан баб кесенелерінде ғана қолжетімді күйде қалуда;
– Туристік фирмалардың әлеуетін арттыру қажет. Қазіргі таңда ел ішіндегі туристік сапарлар мен зиярат ету топтарын жекелеген тұлғалар ғана пайда табу мақсатында көптеп ұйымдастыруда;
– Тарихи-мәдени және зиярат орындарында шағын әрі екі тілде (қазақ және ағылшын) анықтамалар жасау. Келушілерге тегін таратуды қолға алу. Аталған анықтамалық бүктемелер арқылы аталған туристік орын туралы бірыңғай ақпарат тарауына да қол жеткізе аламыз. Себебі қазіргі таңда шырақшылар ойдан қосылған әңгімелерді келушілерге көптеп айтуда;
– Кесене, қабір, киелі орындардағы шырақшы, гид қызметінің өкілдерінің біліктілігін, туризм, зиярат мәдениетін қалыптастыратын семинарлар ұйымдастыру арқылы сапаны арттыру қажет;
– Тазалық, киім кию, зиярат әдебі секілді жаднамаларды келушілерге баспа және электронды үлгіде көптеп тарату;
– Келушілер үшін ыңғайлы орта қалыптастыру. Қолжетімді қонақ үй, ас-су ішетін орындар. Тынығып отыратын орындар жетіспейді.
– Туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Экскурсия жүргізетін гид қызметкерлерін үнемі білімін жетілдіріп отырса, мұндай мәселелер туындамас еді. Аталған мәселелер шешілмесе Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастырмай, туризм саласында өз үлесін ала алмайды.
Туризмнің барлық саласы (діни туризм, іскерлік туризм, экологиялық туризм және т.б.) дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі және қызмет көрсету сапасы жоғарылайды. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп. Мысалы: өзінің ерекше даусымен Қазақ өнерін әлемге паш еткен Димаш Құдайберген, бокс саласында өшпес із қалдырып үлгерген Геннадий Головкин – Қазақстанды танытудағы әлемге танымал брендтер десек артық айтқанымыз емес.
Қазақстанда діни туризмді дамытудың алғышарты – сол саланың үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға діни туризмге үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудио-видео жарнама материалдарын белсенді түрде таратып, еліміздің көркем жерлерін жұртқа таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты түйіндерін көрнекілендіруге ден қою керек.
Қорытындылай келе туризмнің қарқынды жұмыс жасауы еліміздің экономикасының дамуына едәуір үлес қосатыны белгілі. Себебі, туризм саласы әлем елдерінің ішінде экономикаға тұрақты сала ретінде орнығып келеді. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы, қазақтың алтын бесік ата жұрты. Аумағы ұшқан құстың қанатымен өлшенген кең де келісті өлкеде туризм саласын дамытуға арналған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану салт-дәстүрге бай елімізді сыртқы нарыққа шығарып, таныстыруға жол ашатыны сөзсіз.
А.БОРИБЕКОВА,
теолог маман.
Діни орындар киелі жерлер Туризм Түркістан Шымкент 2022-11-09