ДІН МЕН ДӘСТҮР ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ КЕПІЛІ
Posted by: Қалмұрат
in Дін, Қоғам, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
14/11/2022
21 Views
Біздің зайырлы мемлекетіміз үшін діни және дәстүрлі әдеп-ғұрыптардың маңыздылығы қаншалық? Әлбетте, маңызы ерекше. Себебі, зайырлы мемлекет «дінсіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар. Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табылатын еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған рухани құндылықтар мемлекет үшін де маңызды.
Соңғы кездері жиі көтеріле бастаған дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несімен маңызды? Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі.
Жалпы Ислам діні – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Тарих және уақыт елегінен өтіп олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен біте қайнасып кетті. Осылайша шариғат заңдарына қайшы келмейтін қағидаттар мен ортақ бір қосынды дәстүр пайда болды. Қазақ тілінде «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрып» – сөз тіркестерінің мағынасы бір. Біз салт-дәстүр деген сөзімізді әдет-ғұрып деп те қолданамыз. Әдет-ғұрып араб тілінен енген сөз. Әдет деген сөзден әдетке айналған нәрсені түсінеміз. Ал, ғұрып сөзінің араб тілінен аударғандағы мағынасы «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-ъурф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.
Дін мен дәстүрдің үндесуі осыдан XIII ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні арқылы әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор.
Сәбидің дүниеге келуінен бастап, адам баласының ақтық сапарға аттандырғанға дейінгі аралықта қазақ халқында жасалынатын салт-дәстүрдің Ислам дінімен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Дін мен дәстүр қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым екенін байқайсыз, екеуі егіз тақырып десек те болады.
Мысалы: халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қою кезінде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Сол дәстүр қазақтың әрбір отбасында сақталып келеді.
Шілдехана – арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне жеті күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Пайғамбар (с.а.с.) немересі Хасанға ақиқа жасағанда айтқан: «Йә, Фатима, оның шашын қи да сол мөлшердегі күміспен садақа бер» Ал қазақы дәстүрімізде қырқынан шығарған кезде ғана шашын алып жатады. Мұның да еш сөкеттігі жоқ. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады.
Келесі Исламмен быйланыстыратын дәстүр сүндетке отырғызу. Баланың жетінші күні немесе балиғат жеті жасына толғанға дейінгі аралық ішінде сүндетке отырғызылады. Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналған. Осы сияқты қыздың қалын малын беру, сырға салу, ұзату, байғазы, сүйінші, қәде сұрау, сәлемдесу, ақтық сапарға шығарып салу жаназасы сияқты т.б. көптеген Ислам дінімен сабақтас дәстүрлеріміз бар. Қазақ халқында ұлттық дәстүрлердің басым көпшілігі Ислам дінімен біте қайнасып бірге өрілген.
Қорыта айтсақ. дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» сол заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық.
Б.АБДРАХМАН,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы.
Дәстүрсіз ел болмайды Зайырлылық мен діндарлықтың айырмашылығы Қазақ қоғамы мен Ислам діні Салт-дәстүр Ұлттық әдеп-ғұрып 2022-11-14