Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында – білімнің түрлі салаларын (тіл білімі, тарих, археология, этнология, этнография, мәдениеттану, философия, әлеуметтану, саясаттану) өкілдерін түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтауға, сыни тұрғыдан қайта қарауға және түркілік мұраларды зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жұмылдыру мақсатында «ӘЛЕМНІҢ ЭТНОТІЛДІК БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ ТҮРКІ МҰРАСЫ» атты I Халықаралық ғылыми конгресс өтуде.
Оны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы, Қазақстан), Түркітану және Алтайтану ғылыми зерттеу институты (Алматы, Қазақстан) мен Түркітану және тіл теориясы кафедрасы (Алматы, Қазақстан) ұйымдастыруда.
Негізгі спикерлер арасында: Түймебаев Ж.Қ. филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы (Алматы, Қазақстан), Егоров Н.И. филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы (Чебоксары, Россия), Ферух Ағча доктор, профессор, алтайтанушы (Эскишехир, Туркия) Кулмаматов Д. С. филология ғылымдарының докторы, профессор (Ташкент, Өзбекстан), Дыбо А.В. филология ғылымдарының докторы, профессор (Москва, Россия), Авакова Р.А. филология ғылымдарының докторы, профессор (Алматы, Қазақстан), Сағидолла Г. филология ғылымдарының докторы, профессор (Астана, Қазақстан) және т.б. бар.
Сондай-ақ іс-шараға – Қазақстан Республикасы және шет елдік ЖОО профессор оқытушылары, докторанттар мен магистранттары, Алматы қаласы Білім басқармасы, колледж және мектеп оқытушылары да қатысуда.
Конгресс бағдарламасына – Қазақстан, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерінен 100-ден астам қатысушы тіркелген, олар екі күн бойы онлайн және офлайн режимде келесі бағыттар бойынша жұмыс істейді:
-
Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтану: дәстүрлі мәдениет және өнер;
-
Түркі және алтай тілдері: тарих және қазіргі заман;
-
Түркі халықтары қауымдастығының қалыптасуы мен эволюциялық үдерістерін тарихи-археологиялық зерттеу;
-
Қазіргі кезеңдегі Түркі әлеміндегі этносаяси және мемлекетаралық үдерістердің тарихи динамикасы мен барысы.
Конгресс нәтижесінде:
-
Конгресс қатысушыларының сөйлеген сөздерінің, баяндамаларының, мақалаларының жинағы жарияланады, ол ұйымдастырушылардың сайтында қолжетімді болады;
-
Түркітану мен алтайтану саласындағы зерттеудің дәстүрлі және дискуссиялық аспектілеріне ғылыми қызығушылықты арттыруға жағдай жасау жолдары қарастырылады;
-
Түркі мұраларын зерттеудегі жинақталған білім, идея, өзекті мәселелер арасында өзара тәжірибе алмасуға қол жеткізу бойынша ұсыныстар әзірленеді;
-
Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту тетіктері қарастырылады;
-
Түркітанушылардың ғылыми және мәдени халықаралық ынтымақтастығын қалыптастыруда ғылыми жобаларды іске қосу туралы келісімге қол жеткізіледі;
-
Түркі елдері зерттеушілерінің ғылыми-зерттеу бойынша бірлескен жұмыс тетіктері іске қосылады;
-
Түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтап баспадан шығару жұмыстары орындалады;
-
Конгресті екі жылда бір рет өткізу ұсынылады деп жоспарлануда.