ТОҚ ІШЕК ҚАТЕРЛІ ІСІГІ ФУТБОЛ КОРОЛІНІҢ ӨМІРІН ҚИДЫ…
Posted by: Қалмұрат
in News, Sports, Әлемде
30/12/2022
12 Views
2022 жылдың қараша айының соңында әлемге «футбол королі» атымен жақсы танымал Пеле – Эдсон Арантис ду Насименту тоқ ішек қатерлі ісігінің нашарлауынан Сан-Паулу ауруханасына түскен еді. Көп ұзамай Reuters агенттігі – folha de Sao Paulo-ға сілтеме жасай отырып, желтоқсан айында дәрігерлердің Пелеге тек паллиативті көмек көрсетіп, химиотерапиялық тиісті процедуралардың тоқтатылғанын хабарлады.
Желтоқсан айының соңына қарай футбол королінің жағдайы барынша ауырлағаны түсінікті бола бастады. 24 желтоқсанда Пеленің қызы Кели Насименто әлеуметтік желіде әкесімен құшақтасып жатқан постын жариялап, оның жағдайының қаншалықты күрделі екенін көпшілікке жеткізді.
Негізінен футбол королі Пеленің денсаулығы соңғы жылдары нашарлап жүргені белгілі еді. Атап айтар болсақ, ол кезінде простата операциясынан аман қалғанмен, зәр шығару жолдарының инфекциясы мен жамбастың ауырсынуынан зардап шекті. Ал, 2015 жылдың мамырында Пелеге қуық асты безіне де операция жасалды. Себебі, ол зәр шығару жолдарының инфекциясы мен бүйрек тастарынан зардап шегіп жүр екен. Сол операциялардан кейін оның досы Хосе Родригес: «Бұл қарапайым процедура болды. Бірнеше күннен кейін Пеле қалыпты жағдайға оралады» деп көпшілікті тыныштандыруға тырысты. Досы айтқандай футбол королі Пеле тез қалпына келіп, біраз уақыт ол өзін жақсы сезініп жүрді.
Алайда 2019 жылы инфекция қайта оралғанда, Пелеге оны жеңуге антибиотиктер көмектесті. Футбол королі бұл емдеулерді – футбол матчымен салыстырып: «Мен қайтадан ойнауға дайынмын. Барлық көрсеткіштер қалыпты» деп журналистерге сұхбат берді. Бірақ Пеленің жағдайы 2020 жылдың ақпанында қайта нашарлап, содан бері қалыпқа келмей-ақ қойды. 2021 жылдың қыркүйегінде Сан-Паулудағы Альберт Эйнштейн ауруханасында футбол королінде «тоқ ішек қатерлі ісігі» диагнозы қойылып, жүргізілген ем-домдардың нәтижесінде ісік сәтті жойылғанмен бірнеше күн өткен соң, Пеле қышқыл рефлюксіне байланысты қайтадан ауруханаға жатқызылды. Қажетті емдер жасалғанмен, содан кейін оның денсаулығы айтарлықтай оңалмады.
26 желтоқсан күні ойыншы ретінде әлемнің 3 дүркін чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына кәсіби жұмысы барысында ең көп гол салған (кей деректерде ол 1281 доп салған деп есептеледі) футбол королі, ағайын-туыстар және достарымен қоштасуға кіріссе, Сантус қаласының футбол стадионында жерлеу рәсіміне дайындықтар жүргізіле бастады.
Ал 2022 жылдың 29 желтоқсанында тоқ ішек қатерлі ісігі – 82 жастағы ұлы адамның өмірін тоқтатты. «Біз бәріміз үшін Сізге алғыс айтамыз. Біз сені шексіз жақсы көреміз. Тыныштықта демалыңыз», – деп жазды Пеленің қызы Келли Кристина Насименту сол қайғылы кеште...
Жомарт ҮМІТБЕКҰЛЫ.
Бразилия Пеле Футбол королі қайтыс болды Футбол тарихында ерекше орны бар ұлы адам 2022-12-30