БРУЦЕЛЛЕЗ
Posted by: Қалмұрат
in News, Ауыл шаруашылығы, Әлеумет, Денсаулық, Маман кеңесі, Пайдалы кеңестер
15/01/2023
7 Views
Бруцеллез (сарып) ауруы – жедел және созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Негізінен ауру малдардың, үй жануарлардың ет-сүт өнімдерінен, қи қалдықтарынан, іш тастаған малдың шаранасынан, ауру малдың шаранасынан, ауру малдың тері және жүнінен жұғады. Бруцеллез қоздырғышы қой, ешкі,ірі қара мал, шошқа, шөл даладағы тышқан,ит сияқты жануарларда кездеседі. Дегенмен сарып адамға малдан жұққанмен, науқастанған адамнан сау адамға жұқпайды.
Жұғу жолдарына келетін болсақ, ауру қоздырғышы тері қабаттарындағы майда жарақаттар арқылы адам ағзасына енеді, кейін лимфа және қантамырлары арқылы бүкіл организмге тарап, шоғырланады, оларды зақымдайды. Организмге септикалық жағдай пайда болып, ауру белгілері өрши түседі.
Бруцеллез ауруының алғашқы клиникалық белгілері мынадай: Кешке қарай дене қызуы көтеріледі, денені тер басады, әлсіздік пайда болады. Негізінен буындар ауырып, бұлшық еттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Дер кезінде қаралмаған немесе дәрігерге кеш келген жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтырады.
Ұзақ уақыт емделмеген жағдайда интоксикация белгілері өршіп, жалпы организмнің улануы салдарынан бруцеллезбен ауырған науқастарды жүйке жүйесінің зақымдалу белгілері сезіледі. Яғни, науқастың ұйқысы бұзылады, мінез құлқының өзгеруі байқалады, басы қатты ауырып, тез ашуланшақтық мінез қалыптасады. Жалпы бруцеллез ауруының жедел түрінде дер кезінде, уақытылы, сапалы түрде емдемеген жағдайда, ауру созылмалы түрге айналады. Тағы бір ескертеріміз, сарыппен ауырып емделген науқастар 2 жыл көлемінде үнемі дәрігердің бақылауында болуы қажет.
Бұл дерттен сақтану жолдары мынадай: Ең алдымен ауру малдың көзін тез арада жою қажет. Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек. Сонымен қатар сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну қажет. Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Әр отбасы мал дәрігерімен тығыз байланыста болғаны абзал.
Е.БАЙТЕЛИЕВ,
Мақтаарал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы.
Бруцеллез (сарып) ауруы Қатерлі дерт Малдан адамға жұғатын кесел 2023-01-15