Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚҰЛДЫРАТПАЙЫҚ - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Қоғам » ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚҰЛДЫРАТПАЙЫҚ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚҰЛДЫРАТПАЙЫҚ

       Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер қолданыстан шығып жарамсыз күйге түскен жағдайда халық үлкен тығырыққа тіреледі екен. Тегі бөтен шаруашылыққа адамның әп-сәтте бейімделе кетуі, икемделуі қиын ғой. Ақыл мен денеге тосын салмақ түскеннен соң кез-келген кісі қиналады, жасып жүнжиді. Ал бұл өз кезегінде бойкүйсіздікке бой алдыратын ахуалға әкеп соғады. Осылайша, қазақ халқының үстінен зіл қара күш басқан небір кезеңнің нәубеттері де өтіп жатты. Біздің бабаларымызға «қараңғылық» деген мін тағылды.
        Бүгінгі күні көзі қарасты қауым кей-кейде, «қазақ неден осындай болды?» деп, біз іздеп жүрген көптеген сансыз сұрақтардың жауабын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сол тұста терең түсінген екен. Не істеу керек? Халықты терең ұйқысынан ояту керек! Тың серпіліс керек! Қазаққа ең бірінші кезекте қандай әдіс қолданған жөн? Сөзбен әсер ету! Өйткені ұлы даланың батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып, біртұтас ұлт ретінде сақтап келген киелі сөз құдіреті емес пе еді?!
         Қазақ қашанда сөзге құлақ асқан, жүйелі сөздің парқын біліп, сөзге тоқтай білген халық. Алқа билердің бір-ақ ауыз сөзіне рулы ел түгілі түгелдей тайпа тоқтаған. Осы бір асыл қасиетті ешқандай заманауи техника мен технологиясыз-ақ тұтас халықты бір рухани арнаға, орталыққа топтастырып отырған. Мұның бәрін тарихымыздан білетіндейміз. Өзге жұрттың дәстүріне негізделген уақыт талаптарының құшағында жұтылып кетпес үшін өз дәстүрін, тілін, дінін, өз құндылығын жаңа заманға бейімдеу тәсілін қолға алуымыз керек-ақ.
        Қазақтың қараңғылығы неде? Қазақ тумысынан сауатсыз, өркениетке бейімділігі төмен емес, керісінше табиғи қазақи мәдениетке негізделген дүниетанымында өркениеттік адамзатттық деңгейдегі құндылықтар ұялаған терең білімді шебер игерген ұлы халық. Біз бүгінгі күнгі құндылықтарымыздың құлдырауына қарай арнамызды бұрайық. Қыруар қаржы, аста-төк тағам, қаумалаған халық. Несін жасырамыз. Бұл бүгінгі тойдың бет-бейнесі. Қазір де бір-бірімен бәсекеге түскен ағайынның бар ойы елдің назарын өзіне аудару. 500 қонақ шақырған үлкен бір тойдың куәсі болғаным бар еді. Тойға әйгілі Роза Рымбаева, вокальді инструментальді ансамбл келді. Олардың қонақ үйге орналасуы, самолетпен барып келуі де той жасаушының мойнында. Алайда ешкімде алып алты, жеп жеті болмасы анық қой.
         Бағзыдан тартсақ, той-томалақ десе қазақтың тәбеті ашылып-ақ тұратыны белгілі. Торқалы той мен азалы өлімді атқарудағы тыраштанумыздың түрі де ала бөтен. Әлі есімде, кезінде ҚР Парламенті мәжілісінде депутат болған бір әйдіктің әкесінің жаназасында камазбен әкелінген шапан-шаттық таратылғаны. Осы көріністерден әсер алған публицист ақын Махамбет Сапармұратов «Мақтааралда өлгім келмейді» деген көлемді мақала жариялады. Осы орайда мақаламызға мұздық боларлық бір әңгімені еске түсірейікші… Ойды қысқа берудің хас шебері Беімбет Майлиннің шығармашылығына қармақ салсаңыз, күршегіңіз бірден қазақтың астамшылдығына ілінеді. Ол социализмді жырға қоса отырып, соның өзімен сол кездегі халықтың ой-өрісін асқан шеберлікпен суреттеді. Қазақтың қараңғылығы шымбайына мықтап батса керек-ау, шамасы. Әр әңгімесін әдіптеп, ащы мысқылмен жазды. Ішкі күйінісін қалам арқылы жеткізе білді.
        Бір ғана «Сары ала тон» әңгімесін алып қараңызшы, «Тұтқыш орнынан тұрып барып, Несібелінің қолынан сары ала тонын алды. Олай бір, бұлай бір аударастырып қарады. Жағасын ұстап тұрып күлімсіреп өкілге бұрылды.
  • Бірдеме айтайын дедің бе?
  • Осы тонды киіп ауылды бір қыдырып келсең деймін.
  • Айда, ки, Тұтқыш!
  • Ки, байдың іші бір күйсін, – деп үйдің ішіндегілер ду күлі, көтермелеп кетті.
         Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтын медальді төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалба-жұлбасы шыққан құлақшын. Өзі жайнаңдап жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басын, қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе-көлденең тұра қалды. Бай бір рет  қарады да, басын төмен салды. Күйініп кетті … осы үзіндіде қазақтың жабайы дарақылығын тістене отырып, жазғыра жазады. Жыртық етігі мен тозығы жеткен құлақшынына сол сары ала тон жарасатындай әспенсуі, даңғазағойлығына риза болуы барлығымыздың да күлкімізді келтірері даусыз.
        Әрине, ол уақытта теңдік келіп, біраз кедей баласының қолы ұзарғаны да рас. Бірақ құлдық сана құрсауынан шықпаған шаруалар сол жыртық етігінің өзін ханның мәсісімен қатар келіп, кердеңдегені көзге кәдімгідей қараш көрінетіні де бар ғой. Бұл семіздікті қой ғана көтертінің кебі. Немесе қолына қымбат бұйым түсе салысымен соның буына семіріп, киізкөкірекке салынатын қоғамның кескіні. Жә-жә жетер! Бұл баяғыда болған, бояуы кеткен оқиға.
         Енді кеменің басын жиырма бірінші ғасырға бұрайық… Жоғарыда айтылған көріністің баламасы бүгінгі күнгі қоғамның санасынан саңлау тапқан сияқты. Сары ала тонның буына семірген тұтқыштар толып жатыр. Бәрі содан шығады-ау.
      Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бәрінің жағдайы оңалып, тұрмысы түзелген, көйлегі көк, уайымы жоқ, тамағы тоқ. Шапаны да бүтін, түтіні түзу. Бәлкім осыдан да болар маңайына тәкәппарлықпен көз тастайтындар қатары көбейді. Бірінің аяғын бірі шалады. Аты озса айып тағады. Сөйтіп күншілдік күйігі кеудесінде маздайтын болды. Атағын шығару үшін кез-келген үлкен ақшаға көкпар атын сатып алуға тас түйін дайын тұратынында көріп жүрміз. Даңқын асқақтату мақсатында үймелі-түймелі аста төк дастарқан жайып рәлен бай миллиондық торт даярлатады. Ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Бір күндік дүрмек үшін байлығын оңды солды шашып-төгетіндердің қатары көбеюде. Дарақылықтың шыңырау шыңына шығып, алған қазақ тойынан қасиет кетіп бара жатқандай ма қалай өзі деп бір сәт терең ойға шомасың. Ысырапшыл қатынға патша дәулеті де «бұйым емес» – деген тәмсіл бар емес пе еді?!
        Бұдан аңғаратынымыз орынсыз, ретсіз төгіп-шашып рәсуалауды жақсылыққа жорымайық. Жасыратыны жоқ, қашанда қазақтың той десе бір бүйрегі бұрып тұратыны бар. Бәрімізге белгілі көкейдегі тілектің орындалуы – тойдың  көркі. Әр адамның әртүрлі пиғылы бар, біреуі қуанып келсе, біреуі сынап келіп жатады. Дүрілдетіп той жасау үшін әлбетте ең бірінші қалтаның қалыңдығы екінші көңілдің тоқтығы керек. Кейбірінің тойға дейін шашылып, тойдан кейін ашығып жататындарында көріп жүрміз. Қазақ айтқыш-ақ. Тағы да бір тамаша мақалды мысалға алсақ: «Көрпеңе қарай көсіл». Көбі баласының немесе қызының қызығы, тойы үшін емес, бәсекелестік, бақталастықпен істейді де ертесіне сол шашылған ақшаның орнын толтыра алмай шырғалаңға басы қатады, түседі.
        Міне дәл осыны атымтай Жомарттың тірлігі дей алмаймыз. Керісінше бұл барып тұрған дарақылықтың дүрмегі. Дәл осындай тойдың арты кейде жастардың ұрысына да ұласатынын да куә болып жүрміз. Қалың кредиттің құрсауына түсіп жатқан жастарымыздың бәз біреулері амалсыздан ажырасуға дейін баратыны да белгілі. Алайда бұдан сабақ алатындар әзірге аз. Қымтап қайтеміз, той десе қу басы домалайтын, барын тойға шашудан тайынбайтын қазақ даңқын асыруға тырысып, қаншама ысырапшылдыққа жол беріп жатудан әлі де жалығытын түрі жоқ. Бірақ бұған тыйым салып жатқан да ешкім жоқ. Тіпті болмай жатса несие алып, той жасайтын халқымыздың әзірге тартынатын түрі байқалмайды.
       Жасыратыны жоқ, той жасау ат жарыс іспеттес. Кім озады мен кім қаладыға айналғандай. Аста-төк тамақ, гаухар-таспен көмкерілген той көйлегі. Жылтыраған қымбат мейрамханалар. Тіпті сол мейрамханаға дейін кіргізген лимузиндар бәрі-бәрі тойыңыздың өзгеше өтуіне қызмет етіп тұрғандай. Осы бір жерде айта кететін жайт, бірнеше жыл бұрын тәжіктер, артынша көршіміз қырғыздар, іле-шала өзбек ағайындар аста-төк дастархан жасап, той жасауға тиым салды. Қырғыздар жылына миллиардтаған сом қаражатты тойға жұмсамайтындарын біле сала, той шығындарын қысқарту, той уақытына лимит қою мәселелерді қатар көтерді. Тіпті, үкіметке тұрғындардың ақшасын желге ұшырмау туралы заң жобасы ұсынылды. Аңдап қарасаңыз ойға сүйек боларлықтай заңнама.
           Бұл – бірінші мәселе. Екінші жағынан салтымыздың сағы сынбас үшін, құндылықтарымыздың құлдырамауы үшін, аса құнды, аса өзекті мәселе. Кейде қоғам қара дүрсін соқпаққа түсіп, жүрісінен жаңылып жатады. Бүгінде ұзату тойында қызы әкесімен вальс билеуі дәстүрге айналды. Айналайын ағайындар-ау! Ежелден қызды ұзатып шығарып салу тойына әкесі қатыспаған! Мұны естеріңнен неге шығарғансыңдар?! Бұл дегеніңіз батыстан келген үрдістің қазіргі кездегі қазақша көшірмесі. Керек десеңіз бүгінгі тойдың басым бөлігі бастыстық бағыттың жадағай баламасы. Қалыңдықтың той алдында кеш өткізуі, гүл лақтыруы, тіпті қонақтардың бірдей түсті киім киюіде батысқа еліктеушілік екені белгілі. Кейде ойлайсың, той үстінде «келіншай» рәсімін жасаса тойға келген қонақтар жас келіннің үй шаруасына икемін, іске ебін байқар еді. Сосын бағасын беріп, ақ жол тілейтін. Тарихи шығармаларды оқысаңыз, «қыздарға үкісін таратыпты» деген салт бар. Осыларды неге жаңғыртпасқа?!
        Иә, ұлттың перзенті болған соң кез-келген мерекелік кештерде кездесетін салт-дәстүрлерден қазақтың болмысы көзге көрініп тұрса екен деп армандаймыз.
        Үшіншіден, тойдағы таралғының түп-төркінін індетіп зерделесек игі. Торқалы той деп жатамыз, Торқаның төркіні- мата. Сол торқа бүгінде біздің емес, өзгенің экономикасына қызмет өтуде. Сондай-ақ тойбастарға салынатын ойыншықтар отаны – Қытай. Біздің нарығымызға өткен көзбояушы дүниені торға түсіруші бізбіз. Арзан әрі әдемі. Алмай гөр қанекей… Тойда үлестіретін сапасын көтермейтін маталардан киім тіге алмайсың, кәде ғана. Келесі бір томалаққа кезек күтіп сандықта жатады. Айналымда болу ғана.
        Түйіп айтсақ, кейде қонағы үзілмейтін үйдің қазанындай күйіп кететін сәттер болады. Бүгінде бұқара сұлулық пен кеспірсіздіктің ара жігін айырудан қалдық. Әлем де қазақтай қонақжай ел кем де кем. Оған бауырмашылығымызды қосып безбендейікші.
        Ұлттық тәрбие бесігі тойдан бастау алған халықпыз,дәстүрден жұрдай қаны да, жаны да қазаққа тән емес той кімге дәрі, кімге шікір ә?! Осыны мықтап ойлағанымыз абзал. Әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын сәттердің дені той үстінде өмірге келеді. Сондықтан да оның қадірін қашырмайық, ағайын! Дәстүрлерімізді дәріптеп, салтымызды сақтап, құндылықтарымызды құлдыратпайық.
Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ, Жетісай қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ

        ...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

      Мемлекеттік ...

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...