ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН САҚТАУ МЕН НАСИХАТТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН 2023 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Қоғам, Мерекелік шара, Руханият, Саясат
31/01/2023
6 Views
2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен Қарағанды қаласында Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Күнтізбені шығарудағы мақсат – ұлт құндылықтарын сақтау мен оларды қоғамда тұрақты насихаттауға жол ашу. Күнтізбедегі атаулы күндер тарихи тұлғалар мен ұлттық тарихымыз үшін құнды даталармен етене байланысып жатыр. Жалпы алғанда, ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі барлығы 32 атаулы күннен тұрады.
Атап айтқанда ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің 13 атаулы күні жазушы Ілияс Есенберлин, тарихшы Ермахан Бекмахан, композитор Нұрғиса Тіленді, ғалым Қаныш Сәтбай, қоғам қайраткері Халел Досмұхамед, ұшқыш Хиуаз Доспан, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы мен Әлімхан Ермек, Сәкен Сейфуллин, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкір, батырлар Рақымжан Қошқарбай мен Мәлік Ғабдуллин сынды тарихи тұлғалардың туған күндері мен олар қатысқан тарихи даталармен сабақтастырылып белгіленген. Сондай-ақ күнтізбеде 6 тарихи оқиға көрініс тапқан, олардың ішінде – 1911 жыл – Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылған күн, 1920 жыл – Ә.Ермек пен Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алған дата, 1841 жыл қыркүйек айы – Кенесары Қасымұлының бүкіл қазақтың ханы болып сайланған уақыты, 1991 жыл – Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкірдің ұшқан күні, 1891 жыл 25 қараша – Түркі жазуының құпиясы ашылған күн және еліміздің жаңа кезеңіндегі тарихының айшықты датасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны – ҚР Тәуелсіздік алған күн көрініс тапқан.
Сонымен қатар, күнтізбеде 18 ұлттық құндылық насихатталады. Атап айтар болсақ, ол қазақ әдебиеті, ұлт денсаулығы, қазақ тарихы, салт-дәстүр, қазақ өнері, ұлттық тағамдар, ұлт қайраткерлерінің еңбегі, ұлттық ойындар, туған жер, Алаш ұраны, ел бірлігі және мемлекеттілік, мемлекеттік тіл, қазақ отбасы, қазақ жігіттері мен қыздары және ақсақалдар институтықұндылықтары. Сонымен қатар күнтізбеде барша қазақ халқы үшін қасиетті құндылық, мемлекеттік мереке болып табылатын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі көрініс тапқан. Сондай-ақ халқымыздың рухани бітім – болмысын паш ететін Қазақ халқы күні бар. Бұған қоса, күнтізбеде қазақтың дәстүрлі 3 мерекесі – Көрісу күні, Амал мерекесі, Әз Наурыз, Қымызмұрындық және 6 салты – Селт еткізер, Кестелі орамал, шаңырақ көтеру, Асар, бата беру, елдік мәселелер айтылған құрылтай насихатталады.
Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға қызмет етеді. Ол жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарында, ұлт қазынасын тұрақты түрде насихаттауға және ұлттық насихатты жүргізуді мақсат тұтатын идеологиялық шараларды ұйымдастыруда таптырмас құрал болып табылады. Күнтізбенің басты ерекшелігі оның ұлттық тарих пен салт-дәстүрмен терең үндесіп жатқанында. Биылғы жылға арналған Қазақ күнтізбесі «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» қаржылай қолдауымен жарыққа шықты. «Алдағы уақытта Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін насихаттау мақсатында арнайы акция бастау алатын болады» – дейді клуб мүшелері.
2019 жылдан бастап осы уақыт аралығында Қазақ күнтізбесіне сәйкес ондаған шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Айта кету бұл «Qazaq club» қолға алған ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған 27 жоба болып табылады.
Н.СҰРШАҰЛЫ.
2023-01-31