NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАР АРАСЫНДА «КЕШКІ ЛИГА» ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Sports, Жас буын, Қоғам, Саясат
31/01/2023
7 Views
Жұмыссыз жастар және олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру – қазіргі таңда өзекті мәселе. Олардың басын бір ортаға қосып, қоғамдық ортаға бейімдеу және сол арқылы мәселелерін нақты зерделеу үшін ауданның «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Кешкі лига» ойындары басталды.
Аталған жоба аудан бойынша 2 кент пен 67 елдімекеннің барлығын қамтып, әрбір елдімекенде аптасына кемінде 2-3 рет спорттық жарыстар өткізілуде. Сондай-ақ, жыл басынан қазіргі таңға дейін 300-ге жуық спорттық командалар құрылып үлгерген.
Елдімекеннің әрбір жасын, оның ішінде neet санатындағы жастарды спортқа, қоғамдық ортаға тарта отырып, олардың кешкі уақыттарын тиімді пайдалану, бұқаралық спортты насихаттау және ең бастысы олармен сұхбаттасу, еркін пікір алмасу арқылы мәселелерін анықтау – «Кешкі лига» жобасының басты мақсаты.
Ауданның жастар орталығының директоры Сүндет Кенжебаев ауыл жастарын қолдауға арналған жоба көпке үлгі болып, спорттық жарыстар елдімекендерде дәстүрге айналып жатқанын атап өтті.
«Жобамыздың «Кешкі лига» аталуының өзінде үлкен мағына жатыр. Себебі, әрбір матч кешкі мезгілде, жастарымыздың қолы бос уақытта өтеді. Біз орталық тарапынан координатор ретінде елдімекендерде спорттық алаңның ашылуына рұқсат алып беріп, әрбір елдімекеннен көшбасшыларын тағайындадық. Мейлі, ол шағын футбол алаңшасы болсын, мейлі ол мектептердің спорт залы немесе стадионы болсын, жастарымыз үшін кешкі уақытта бәрінің есігін айқара ашып беріп отырмыз» – деді С.Кендебаев.
Айта кетейік, «Жастар лигасы» жобасы аясында елдімекендердегі үздік спортшы жастарды да анықтап, олар облыстық, республикалық жарыстарда ауданымыздың намысын қорғау үшін іріктелетін болады.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жастар Спорттық шара 2023-01-31