ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ ӘДІСТЕМЕСІ
Posted by: Қалмұрат
in Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият
02/02/2023
11 Views
Бастауыш сынып оқушыларына арналған әдебиеттік оқу әдістемесі дегеніміз – педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Оның зерттеу нысаны – мектепте әдебиеттік оқу сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді.
Өз кезегінде көрнекті әдіскер-ғалым М.А.Рыбникова «Әдістеме» дегеніміз – уақытты үнемдей білу. Оқушы үшін жігерін ақылмен жұмсау, оқу материалынан негізгі және басты мәселелерді таба білу, сыныптың еңбегін ұйымдастыру шеберлігі, оқушылардың әр түрлі жеке әрекеттеріне ықпал етуді алдын-ала ұйымдастыру»,-десе, әдістеменің жалпы құрылымы жайында В.В.Голубков: «Қай пән бойынша болмасын барлық әдістеме оқытушы жұмысының ұстанымдарын материалдарын және әдістерін құрастырумен өзара ұқсас, сондай-ақ олар не үшін, нені және қалай деген үш негізгі сұрақтарға жауап береді-деген болатын.
Бұл әдістеменің қамтитын аймағы – мектептегі әдебиеттік оқу пәні сабақтары мен әдебиеттік оқуға байланысты сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар және базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиеттік оқу сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісінде өзара қарым-қатынасы болып табылады. Сөз өнерін, көркем әдебиеттің өзін әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымында белгілі дәрежеде оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім, адамгершілік, ізгілік,имандылық, тәрбие беру мен білім-білік дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарын ашу – оның қарастыратын басты мәселесі.
Қазақтың көрнекті ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Тіл жұмсар» атты әдістемелік еңбегінде: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі – өздігінен алатын … білімнің ұзақ жолы үшін … балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзеп отыру», – деп жазған болатын. А.Байтұрсынұлы бастаған істі әрі қарай дамытушылардың бірі Мағжан Жұмабаев жұмыстың жүзеге асырылуын бастауыш мектептен бастап мұқият дайындау керек деп танып, өзінің «Бастауыш мектептегі ана тілі» атты белгілі әдістемелік еңбегін жазды.
Қорыта айтатын болсақ әдебиеттік оқу пәні – оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады. Сондай-ақ, оқушыны өнер туындысын тануда қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, онда көркем бейнені қабылдауға қажетті сезім сергектігін, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастыққа қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын, жаазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; өзіндік ой толғамында дербестік, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын талғампаздықты, көркем туындыларды салыстыра отырып, қарастыра алу біліктерін қалыптастыруды көздейді.
Райгул ДЖУМАХОДЖИЕВА,
№7 жалпы білім беретін мектептің «бастауыш сынып мұғалімі.
Алматы қаласы.
Әдебиеттік оқыту әдістемесі Бастауыш сынып 2023-02-02