ЖАҚЫНЫҢА ЖАТ БОЛМА
Posted by: Қалмұрат
in Дін, Жас буын, Қоғам, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
07/02/2023
4 Views
Деструктивті діни ағымның идеологиясына ерген жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде «әттеген-ай» дейтін жағдайлармен жиі бетпе-бет кездесетін сәттер болады. Соның бірі – дін жолына түскен кейбір бауырларымыздың қоғамнан алшақтап, тіпті жақынына, Отанына жат болып бара жатқанын байқамыз.
Жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастардың күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни көзқарастарының кесірінен бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қасаң көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетпеу және т.б. түрлі мәселелер бар.
Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (с.а.с.) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайын-туыспен араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «Жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат»,-деген атқа лайық болуы тиіс.
Біздің айтайын дегеніміз – мұсылмандық жолды берік ұстанған адамның отбасы, туған-туыс, қоғам, мемлекет алдындағы моралдық жауапкершілігі екі есе артуы тиіс. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің араларыңда ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың»,-деген. Демек мұсылман – жақсы адам деген сөз. Ал жақсы адам қоғамға шарапатын тигізіп, жақсылығын көрсетіп, шуағын шашып, қамқорлығын аямауы тиіс. Сонда ғана біз «Сендердің араларыңда ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың»,-деген хадиске амал еткен үмбеттен боламыз.
Ислам діні адамзат баласын парасаттылыққа, ұстамдылыққа, байсалдылыққа, ізгілікке, қайырымдылыққа, отаншыл болуға үндейді. Мұсылман баласы әр ісінде өзгелерге ғибрат болар амалдарды атқаруы тиіс. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер»,-деп өсиет еткен.
Мұсылман – сөзімен және ісімен дінді жеткізуші жеке тұлға. Жақсы амалымен, қайырымдылық бағытындағы ізгі ісімен Ислам дінінің мейірім мен ізгіліктің діні екенін көрсетеді. Абай атамыз өлеңінде «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын»,-демей ме?!
Ал сөзі мен ісінен имандылықтың лебі есіп тұрса, бұл көріністен өзгелер міндетті түрде ғибрат алады. Ал егер сөзі мен ісінен үйлесім таппай, жан-жағындағы адамдарға жағымсыз әсер қалдыратын болса, онда жасаған әрекеттері арқылы Ислам діні туралы түсініктері қалыптаса бастайды.
Өкінішке қарай, бүгінде кейбіреулер адамның оның болмысына қарап, дін туралы пікір білдіріп жатады. Ислам – кіршіксіз дін. Ал кемшілік пен қателік жасап жатқандар – жекелеген адамдар. Біз уағыз-насихат жұмыстарында адамға қарап, оның ұстанған дініне баға беруге болмайтынын жиі айтып келеміз. Алайда базбір адамдар бір қателікті көріп, дін туралы жағымсыз сөз айтудың жауапкершілігін сезінбей жатады. Біреуге кінә арту – оңай іс. Алайда сол адамға жанашырлықпен насихат айтып, дұрыс жолды таңдауға үлес қоссақ, оның болашағына сіз бен біздің тарапымыздан қосылған үлкен үлес болар еді.
Осы ретте дін жолында жүргенәрбір мұсылман әр істе орта жолды ұстанған абзал. Сәби кезден бағып-қағып, әлпештеп өсірген ата-анаға, туыс-бауырға, көрші-қолаңға, айналадағы жақын адамдарға, елге, жерге жат болмау керек. Керісінше, адам болып жаратылғандағы міндетті орындап, жүктелген жауапкершілікті сезіне білген жөн.
Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам отбасының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар»,-деп ескерткен.
Демек, әрбір адам отбасына, туған-туысқандарына, егер басшы болса, қоластындағы қызметкерлеріне жауапты. Ал жауапты адам өз ортасына жан-жақты үлгі болуы керек. Үлгі болатын адам оларға өте жақын болуы тиіс. Түйіндеп айтқанда, жақыныңа жат болма!
Д.АМАНОВ,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы.
Жақынына жат болма 2023-02-07