АУДАН ӘКІМІ ҚАЛАНЫ ЖАЯУ АРАЛАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Саясат
11/02/2023
21 Views
Сенбіліктің қоғамның назарын тұрғылықты жеріңнің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор. Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлының қатысуымен қала, кент және барлық ауылдық округтерде өткен жаппай сенбілік жұмыстарында аудан тұрғындары арасында көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, жер-жерлерде арнайы бекітілген кесте негізінде жұмыстар жүргізілді.
Ауданда өткен сенбілік аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бөліп бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан, жапырақтардан тазартты. Сонымен қатар, сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар тазаланды.
Коммуналдық сала мамандарының мәліметінше көп пәтерлі үй маңындағы аумақтары мен аулалары, көше бойында бей-берекетсіз жатқан қоқыстар, ирригациялық жүйелер тазаланған жаппай сенбілікке 2,5 мыңға жуық адам мен 26 техника қатысып, 95 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, аудан басшысы Ә.Қашаубаев көшесі бойындағы коллектордың, қаланың арық-атыздарының тазалығын, көшелердегі қоқыс тастайтын урналардың бар-жоғын жаяу аралап көрді.
Бүгінде аудан орталығында жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын коллектордың бойында 172 жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік жуу орталықтары орналасқан. Бәрі де сарқынды суларын өздігінен қазып алған арықтар арқылы коллекторға төгеді.
Тұрғындардың денсаулығына алаңдаған аудан басшысы коммуналдық сала басшылары мен қала әкіміне тез арада жеке тұрғын үй секторлары мен көлік жуу орындарын орталық кәріз жүйесіне қосуды, арық-атыздардың тазалығын қатаң бақылауда ұстауды қадап тапсырды.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылатынын айтады.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2023-02-11