ЖЕТІСАЙ ТЕАТРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАТЫН БОЛАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Руханият, Саясат
19/02/2023
12 Views
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымымен кездесуінде айтты. Министрдің Түркістан облысындағы іссапары Жетісай ауданында жалғасты.
Алдымен министр өңірдегі сала басшыларымен бірге жоғарыда аталған елу жылдық тарихы бар өнер ордасына барып, театр саласының қызметкерлерімен кездесті. Мұнда бұған дейін де көтеріліп келе жатқан мәселелер туралы сөз болып, ашық әрі еркін форматта сауалдар қойылды. Соның бірі жаңа қойылымдар мен гастрольдік сапарларды ұйымдастыру болды. Асхат Раздықұлы назарға алынатынын, сондай-ақ өзі тікелей бақылап, министрлік тарапынан көмек болатынын жеткізді.
Бұған дейін облыс әкімінің өңірде мәдени және спорттық нысандарды көбейту, тұрғындардың рухани әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөніндегі тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Жетісай ауданындағы мәдениет, спорт, білім нысандарын аралаған болатын. Сол сапарда Бейсен Дәулетұлы аталмыш театрға да арнайы барған еді. Ғимарат салынғалы бері күрделі жөндеуді көрмегенін алға тартқан театр жетекшілері жылу мәселесі де ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқанын, алдағы уақытта осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін өтінді.
Облыс әкімінің орынбасары театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылғанын және қорытынды бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан болатын.
Жетісай ауданындағы іссапар тағы бір мәдени нысанмен жалғасты. Мәдениет және спорт министрі бастаған топ Жетісай ауданы, Ш.Ділдабеков ауылдық округінің «Бірлік» ауылдық мәдениет үйіне ат басын бұрды. Мұндағы түрлі үйірмелердің жұмысымен танысып, өнерпаздармен кездесті.
Іссапар соңында аудандағы мәдени ошақтарда қордаланған мәселелерді бірлесе шешу жөнінде келісімге келді.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетіай ауданы.
Жетісай ауданындағы іссапар Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2023-02-19