АУДАН ПРОКУРОРЫ ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Жас буын, Қылмыс пен жаза, Өзекті мәселе
19/02/2023
20 Views
Жетісай ауданындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында құқықбұзушылық профилактикасын кешенді жүзеге асыру шараларын нақтылау, пысықтау мақсатында мекемеаралық мәжіліс болып өтті.
Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Марат Қадырқұлов пен пробация қызметі бөлімінің басшысы Дильшат Назаров, барлық бөлім басшылары қатысқан жиында аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров баяндама жасап, аудандағы кейбір қылмыс санаттарының былтырғы жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда артып отырғанын жеткізді.
Прокуратура келтірген мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың 1 айында орын алған жалпы 45 қылмыстың 6-ы мал ұрлығы болып тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 50%-ға өскен. Ал, алаяқтық қылмысы бойынша 2022 жылдың 12 айында 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда 4%-ға, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарының саны 54-тен 62-ге жетіп, 14,8%-ға артқан.
Бүгінде алаяқтықтың кең тараған түрлері саналатын қайтарымсыз грант, атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып беру фактісі бойынша 49 қылмыс, жеңілдетілген несие алу бойынша 16 қылмыс, жалған диплом жасау бойынша 6 қылмыс, зейнеткерлікке шығару бойынша 7 қылмыс, мүгедектікке шығару бойынша 4 қылмыс, әртүрлі компанияларға қысқа мерзімде салған ақшаларын екі еселеп шығарып беремін деп ақша алу фактісі бойынша 13 қылмыс тіркелген.
Сонымен қатар, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету бойынша 32 қылмыс орын алса, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалған 28 қылмыс тіркелген.
«Аудандағы қоғамдық орындарда 2022 жылы 122, 2021 жылы 172 қылмыс орын алса, биылғы жылдың алғашқы айында 82 қылмыс орын тіркелген. Қазіргі таңның ең ауыр тақырыптардың бірі – жасы кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстар. Ауданымызда осындай қылмыстар 2021 жылы 5 тіркелсе, 2022 жылы 4, ағымдағы жылдың басынан бері 1 қылмыстар орын алған» деген аудан прокурорының орынбасары – қала, кент, ауылдық округтердің әкімдері мен жергілікті полиция қызметі, білім беру мекемелері бірлесіп кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілігін қамтамасыз ету мақсатында ашық сабақтар мен дөңгелек үстелдер өткізуді жиілетуі керек екенін айтады.
Мәжіліс соңында аудан прокуроры аудандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам саудасының, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігінің, жол-көлік оқиғаларының, есірткі құралдарының айналымына байланысты қылмыстардың, желілік, әлеуметтік және өзге де интернет-алаяқтықтың түрлері бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді тапсырып, жұмыстардың нәтижесін жеке бақылауына алатынын ескертті.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
Қылмыс пен жаза 2023-02-19