МЕКТЕП ОЛИМПИАДАЛАРЫ КӨКЖИЕКТІ КЕҢЕЙТЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Анонсы, Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын
22/02/2023
10 Views
NIS-те жалпы білім беретін пәндер бойынша желілік олимпиада өз мәресіне жетті. Олимпиада апталығы әрдайым қатысушылар үшін білім мен жаңалықтар, сынақтар мен жеңістер мерекесi.
Республикалық пәндік олимпиаданың желілік кезеңі 13-17 ақпан аралығында өтті. NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 42 оқушысы пәндік олимпиадаға қатысып, 14 оқушысы жүлдегер атанды.
Желілік олимпиадада NIS Халықаралық Бакалавриат мектебі атынан Аида Давлетова қатысты, ол – лингвистикадан беделді IOL-2022 олимпиадасының қола жүлдегері:
– Менің олимпиадалық қозғалыста үлкен тәжірибем болғандықтан, аса уайымым жоқ және өзіме сенімдімін. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп оқып қана қоймай, зерттегің келетін пәнді шын жүрекпен түсіну керек.
NIS-тегі олимпиадалық қозғалыстың ерекшелігі – оқушылар жақсы үлгерім мен білім бәйгелеріндегі жетістіктерін ұштастырады.
– Балалардың әрқайсысының тың жаңалықты ашуы әлі алда, мүмкін араларында тарихта қалатындары да бар,– деп атап өтті халықаралық бакалавриат мектебі директорының орынбасары Гүлмира Абишева.
– Олимпиада, бәрінен бұрын, зияткерлік дағдыларды дамытуға ден қояды. Сондай-ақ жарыстарға қатысу көкжиекті кеңейтумен қатар абстрактілік ойлау мен логиканы жақсартады, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырады, – деп атап өтті NIS IВ олимпиадалық қозғалысының үйлестірушісі Қымбат Дүйсембаева.
Орыс тілі пәнінен желілік олимпиадаға биыл төртінші рет қатысқан Аяжан Темірболат: «Олимпиада ерекше форматта ұйымдастырылды. Өткен жылдары басқа қалаларда өткізсек, биыл қашықтан жаздық. Дегенмен, байқау өзінің маңыздылығы мен қызықтылығын жоғалтқан жоқ» деп өз әсерімен бөлісті.
Желілік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері наурыз-сәуір айларында өтетін республикалық олимпиадада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының құрамасын таныстырады.
NIS-тің баспасөз қызметі.
2023-02-22