Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл қазына және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, ондағы ардагерлермен тілдесті.
2021 жылдың соңында аудандық мәслихат депутаттарының тікелей қолдауымен жергілікті қазынадан қаралған қаржыға ашылған аталмыш орталықта қызмет алушыларға дәрігерлік кеңестер беріліп, тұзбен емдеу, сенсорлық бөлме, емдік физкультура-йога, тренажер залы, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмектер, емдеу және жақсарту психологиясы сынды әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мұнан бөлек, ардагерлердің өмір белсенділігін арттыру, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау мақсатында орталықта ардагерлердің қолөнермен айналысып, кітаптар оқуына, елдегі және әлемдегі соңғы жаңалықтарынан дер кезінде хабардар болуға жағдайлар жасалған. Шахмат, домино, нарды, теннис, биллиярд сынды ойындар ойнауына, бір-бірімен пікір алмасуларына толық мүмкіндіктер қарастырылған.
«Аталмыш орталықтың жұмысын бүгінде аудан ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар пайдаланып келеді. Орталықтардағы 37 қызметкерге мамандықтарына сай міндеттер жүктелген.
Қызмет алушыларға қажетті барлық құрал-жабдықтар мен емдік-сауықтыру бұйымдары жеткілікті» дейді «Асыл қазына және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Бауыржан Норбаев.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.