КӨКТЕМНІҢ ЖАҢАРУ МЕРЕКЕСІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Қоғам, Мерекелік шара, Руханият, Саясат
10/03/2023
2 Views
Көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамына қатысты қызықты деректер халқымызда жетерлік. Мысалы ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын тойлауды таң ата бастаған сәттен бастаған. Сол уақыттарда енді ұясынан шығып келе жатқан Күн жаңа өмірдің бастауы ретінде қабылданған.
Наурыз мерекесі нақты бір дінге қатысы жоқ деп саналады. Себебі, бұл туралы ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Біреулері мереке өз бастауын шаманизм дәуірінен алады десе, екіншілері оны одан да бұрыңғы дәуірлерге апарады. Сондықтан мұны діни мейрам дегеннен гөрі халқымыздың талай ғасырлардан бері табиғатпен етене жақын араласуынан пайда болған мереке деуге болады.
Еліміздің Атырау облысы мен Маңғыстау өңірлерінде тұратын тұрғындарда Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, ол «Амал» деп аталады. Сол жақта осы мейрамның дәстүрлі шарты — «Көрісу» болып табылады. Бұл күні адамдар қол алысып қауышып, бір-бірімен «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.
Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамының уақытында дүниеге келген балаларға осы мерекенің атауына түбірлес есімдерді қойған. Сол уақыттардан бері сақталып келе жатқан Наурызбек, Наурызбай, Наурызгүл секілді есімдер қазіргі кезде де елімізде көптеп кездеседі.
Егерде мереке күні қар жауса, ол жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен аңыздарда қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі. Бұл таңқаларлық жай емес, тек наурыздағы қар ғана әдетте жұмсақ, әрі барынша әппақ болады.
Наурыз мерекесі 1988 жылы– Қазақстанда бүкілхалықтық мейрам, ал 2001 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі, 2009 жылы Наурыз мерекесін тойлауға және қазақстандықтардың демалуына 3 күн қатар берілсін деген ҚР Президентінің Жарлығы жарияланды.
Бұл мейрам бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге – Әзірбайджан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресейдің кейбір аймағы кең көлемде тойлайды. Ауғанстан мен Иран елдерінде бұл басты мереке болып табылады.
Наурыздың дәстүрлі тағамы — «Наурыз көже» жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Жеті саны аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. Наурыз мерекесін тойлау кезінде ақсақалға Наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылған. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге кіріп шығуы керек. Өзбекстандағы наурыз көжеге ұқсас тағам «Сумалақ» деп аталып, ол да жеті азықтық заттан әзірленеді.
Көктем мерекесінің алғашқы күндерінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүріп бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Сол себепті бұл күні шаш пен тырнақ алуға болмайды деп саналған.
Гаухар АГАДИЛОВА,
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің Асықата бөлімінің архивисті.
Көктемнің басты мерекесі Наурыз мерекесі Ұлыстың ұлы күн 2023-03-10