Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің түп тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы негізіненұлтымыздың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Материалдық мәдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз. Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі – киіз үй.
Бұрын-соңды киіз үйді көрмеген жан алыстан ақ жұмыртқадай боп көз тартқан киіз үйге жақын келіп табалдырығынан аттаған сәтте-ақ көздің жауын алар керемет бір әлемге тап болғандай күй кешері анық. Босағасынан төріне, табалдырығынан шаңырағына дейін түрлі-түсті, сан алуан ою-өрнектермен үйлесімді өрнектеліп, жарасымды жасауланған адам мүмкіндігінің шексіздігінің көрнісіндей, киіз үйдің сықырлауығынан бастап шаңырағына дейінгі әрбір бөлшегі өз алдына оқшау өнер туындысы бола тұра, сол мың сан бөлшек бір-бірімен мінсіз үйлескен шақта шегіне жеткен, әбден аяқталған өнер туындысын құрайды.