ЗАМАНАУИ МҰСЫЛМАННЫҢ КЕЛБЕТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Дін, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
12/04/2023
1 Views
Мұсылман адам тілімен де, қолымен де өзгеге зиян тигізбеген адам. Бүгінгі таңда Ислам дінінің кең таралған дәуірінде мұсылмандардың саны артуда. Бірақ көптеген түсініктерде мұсылман адам десе, қолына қару ұстаған азаматты елестетіп, үрке қарайтын жағдаяттар да кездесіп жатады.
Әлем елдерінің назарын аударып отырған салафилік идеологияның салқыны ел ішін жайлап, дәстүрлі діни танымымызға қайшы келетін түсініктерімен қоғамда іріткі салып жүр. Салафилік идеологияның ұлттық құндылықтар мен мәдени-діни танымды бұзуға бағытталған әрекеттеріне қарамастан кейбір азаматтарымыз осы ағымның жетегіне еріп, солардың сенімдерін Исламның шынайы қағидаттары ретінде қабылдауда.
Салафизм идеологиясы ұстанушыларының уағыздарымен ұлттық, діни дүниетанымымызға қайшы келетін түсініктер таралуда. Дін атын жамылған ағымның көзқарастары бойынша, мәдениеттің музыка, өнер, театр секілді құрамдас бөлшектері – харам, дәстүрлі құндылықтарымыз – құнсыз. Олар халықты рухани құлдырауға ұшыратып, өз мақсаттарына жақындай түсу үшін жанталасуда. Соның салдарынан қоғамда түсініспеушіліктер мен қайшылықтар туындап, екіұдай сенім жетегіндегілер көбеюде.
Сыртқы келбеті салафилік идеологиясымен «қаруланған» азаматтар басқа дін өкілдеріне агрессиямен, тәкаппарлықпен қарайды. Еліміздегі дәстүрлі емес ағымның ұстанушылары сақалдарын ұзын, ретсіз қойып, тобықтан жоғары келетін қысқа шалбар немесе арабтық үлгідегі киім, ал әйелдері қара және сұр түсті ниқаб киеді, паранжа жамылады. Алайда, хиджабпен жүріп, сақал өсіріп, намаз оқитындардың тек теріс діни ағым өкілдері емес, халқымыз үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабындағы ислам дінін ұстанатындары да бар, оларды ажырату үшін діни көзқарастарына назар аудару қажет.
Бүгінгі күні қара ниқаб пен паранжа еліміздегі даулы мәселелердің біріне айналып отыр. Қара жамылған қыздарды бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінен кездестіруге болады, тіпті, көздеріне көзілдірік тағып, қолдарына қолғап киіп, шектен шығушылыққа дейін баратындары да бар. Ең қауіптісі – олардың саны күннен-күнге артуда.
Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу барысында: «Соңғы кезде жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесетін болды. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сенімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақта қара киім кісі өлгенде киеді… Әрине әркімнің не кием десем, өзім білем дейтін бостандығы бар. Ол – басқа нәрсе. Мынау – әдейілеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін құбылыс»,-деп өз позициясын білдірді, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы да бетті тұмшалау шариғатта жоқ екеніне назар аударып айтып өткен болатын.
«Ең әдемі киім – ұлттық киім»,-деген екен ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі саналады.
«Заттың құны жылтырында емес, сапасында»,-демекші, қазақ ұлттық киімдері тек табиғи таза материалдардан: аң терілерінен, жүннен, киізден, былғарыдан және матадан тігілген. Жалпысында, қазақ халқының қолөнері − көне заманмен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Оның басты салаларының бірі – киім тігу. Қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғайланған сан алуан әшекейлерімен, ою-өрнектерімен ерекшеленеді.
Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады.
Ал салафизм идеясын ұстанушылар үшін арабша үлгідегі киім үлгілерін киіп, бетті жауып тұратын қара жамылғыны жабу – парыз, мұның себебін кейбір ғалымдар олардың хадис дәрежелерін ажырата білмегендіктерінен деп есептейді. Олар ғаламтор желілерінде хиджаб, паранжа, ниқабты насихаттайтын посттар мен бейнероликтерді, ұлттық киім саналатын кимешекті ниқабтың бір түрі деген ойларды таратып қоғамда екіжақты пікірлер тудыруда. Бұл жағдай ғаламтордың тұрақты қолданушылары – санасы қатаймаған жастардың оғаш түсініктерді қабылдауына себеп болып отыр.
Діни идеологияны қару етіп, халықтың діни сауатсыздығы мен әлеуметтік жағдайының төмендігін пайдаланған шетін көзқарастағылардың тұжырымдамаларына қарсы тұрудың бірден-бір жолы – діни және дінтанулық сауаттылықты арттырып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу. Қоғамдағы келеңсіздіктің алдын алу үшін идеологияға идеологиямен тойтарыс беріп, дәстүрлі емес ағымдардың етек жаюына жол бермеу қажет.
Ы.КИРГИЗБАЙ, Теолог маман.
Дін туралы мақала Дінің тұрсын дін аман 2023-04-12