ТАЛАС-ТАРТЫСТАН БОЙДЫ ТАСА ҰСТАУ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Білім саласы, Дін, Жас буын, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Саясат
17/04/2023
2 Views
Атақты фиқһ ғалымы Маруф әл-Кархи: «Жаратушы Ие құлына жақсылық қаласа, оны амалға бағыттап, жәдалға ұрынудан сақтайды. Ал жамандық қаласа, оны амалдан алыстатып, жәдалға бой алдыртады»,- деген. Мұндағы келтірілген «жәдал» сөзі тілді безеп өтірікті шындай етуді, ақиқатты бұрмалауды білдірсе, екінші тараптан адамның өзін өзгелерден жоғары санауы әрі басқаларды менсінбей үнемі мұрын шүйіріп қарауын аңғартады. Түптеп келгенде, жәдал – тәкаппарлық, даңғойлық, менмендік пен өркөкіректік секілді нашар қылықтан туады. Сонымен қатар тартыс пен дау-дамайды да білдіреді. Ол ғылыми тұрғыда пікірталастан бөлек болып, өзін қарсыласынан жоғары қойып, қандай жағдай болмасын оны жеңу үшін талас-тартыста көзге бірден түседі. Негізінде, дау-дамайға түсуші қарсыласының пікірін таразыға салып көрмейді. Себебі, оның мақсаты ақиқатты анықтау емес, керісінше өз ойында қалыптасқан «ақиқатты» өзгенің бойына күшпен болсын сіңдіруден тұрады. Дәл осы кейіпте қалыптасқан тартыстың соңы қарсыласты ашық немесе сырттай кемсіту мен жамандауға алып барары сөзсіз.
Пікірталастың дау-дамайдан айырмашылығы – мағынасымен қоса қиын болған мәселеге біргелікте назар салу арқылы шешімін табу. Бұл секілді тәсілдер ғылымның дамуына үлес қосып, жүректерді біріктіруге қызмет етеді. Осы мағынада имам Шафиғи (р.һ.): «Кіммен пікірталасқа түскен болсам: «Ақиқат оның жағында болса екен»,-деп үміттенер едім»,-деген. Бұл да болса өткен ұлыларымыздың түпкі мақсаты шындықты тауып, мәселенің мән-мағынасына жету болғанын көрсетеді. Олар фиқһ ғылымының кейбір екінші дәрежелі мәселелерінде әртүрлі ұстанымда болғанымен, біреуінің есімін атағанда әрқашан бір-біріне мінсіз құрметпен қарайтын. Егер олар дүниеден өткен болса, «Алла оларды рақымына алсын!»,- деп қайырлы дұғамен еске алып отырған. Фиқһ саласындағы кейбір айырмашылықтар қандай да бір қақтығыс емес, өз кезегінде Жаратушының рахметінен бір көрініс болып есептелетіндігі белгілі. Осы секілді айырмашылықтар «ет» сыртындағы «теріден» болатындығы, пікірталас барысындағы негізгі мақсат қарсыластың ойын жоюда еместігін жақсы білген ғалымдар пікірталас әдебін толық сақтаған. Жоғарыда келтірілгендей екінші дәрежелі фиқһи мәселелерде өз пікірін өзі үшін дұрыс, қарсылас тарап пікірін өздері үшін дұрыс деп бағалаған.
Ал пікірталасты тартыс пен дауға айналдыратын адамда қандай мәселе болса да өз пікірін бірінші орынға қою ерекшелігі басым болады. Шындықтан мойын бұрса да, өз ойын дәлелдеуге тырысады. Сол себепті, өзі сезбеген халде адасушылыққа бой алдырады. Талас-тартыс ешқашан жақсы нәтижеге жетелемейді. Керісінше ортадағы дау-дамайды ұлғайтады. Қоғам арасында араздық пен өшпенділік тудырып, мұсылмандар арасына сызат түсуі ықтималдығы басым болғандықтан, дау-дамай мен талас-тартысқа жол бермеуді дін ғалымдары өсиет еткен.
Өкініштісі, қазіргі таңдағы кейбір діни деструктивті ағым жақтастарының тартысу әрі өзін биік етіп көрсету арқылы ғылымды игеріп жатқандығы кездеседі. Осы тұрғыда ғұламалар: «Ақылдымен де, ақымақпен де айтыспа! Себебі, ақылды сені жеңіп қояды, ал ақымақ болса саған зиян тигізеді»,- деген.
Демек, таласып-тартысушы адам екі санаттың біреуімен дауға түскен болады. Ақылды немесе ақымақ дегені – ғалым немесе білімнен хабары жоқ ғапыл адам. Таласқа түсіп жеңуге тырысып жатқан қарсыласы ақылды болса, одан жеңіліс табады. Ал, қарсыласы ғапыл, надан болса – оған түрлі көріністегі зиян жеткізуі, яғни балағат сөз айтудан бастап, қол көтеруге дейін баруы мүмкін. Қай ахуалда болмасын таласқа түскен жақсылық таппайды.
Дауға қатысты жоғарыдағы хикметті кеңестің мазмұны Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде бұдан да әсем түрде баяндалған. Кағб ибн Мәлик (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім білімді ғалымдармен қарсыласу, надандармен тартысу немесе сол (білім) арқылы адамдардың жүзін өзіне қарату үшін үйренетін болса, Алла оны тозақ отына кіргізеді»,- деген.
Пайғамбар (с.а.с.) хадисіне де назар салсақ, дау-дамайға түсуші екі санаттың яғни, ғалым немесе наданға жолығатындығы баяндалған. Одан өзге тағы бір дерттің сипатын келтірген. Ол – білімді толық алмастан, қоғам мен ғалымдарды өзіне қаратып, абырой жинау, оны ұлықтап құрмет көрсетуін мақсат еткен ахуал. Бұл дерт адам бойында жасырын және баяу дамитындығы сонша, әр адам өз амалын таразылап отырмаса, бірте-бірте көзбояушылық пен нәпсіге еруге айналады.
Дана халқымыз: «Кісіге қарсы ұстаған қара пышақтың ұшы қарыс ұзарады»,- демекші, діни сауатсыздықтың зардабымен пікірталас жасаймын деп жүріп, соңы талас-тартысқа апаратын даулардан бойымызды аулақ ұстайық.
Б.ШАЙМЕРДЕН,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы.
Имандылық Ислам діні Сабырлылық Талас-тартыс 2023-04-17