ҚОҒАМДЫҚ МОНШАЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Маман кеңесі, Пайдалы кеңестер
18/04/2023
1 Views
Монша адамның жуынуы үшін арнайы жабдықталған орын. Қазіргі таңда заманауи жеке элиталық, жабық, VIP моншалар ашылып, жұмыс жасауда.Монша көпшілік шомылу орны болғандықтан, жұқпалы тері арқылы берілетін ауруларды алдын-алу үшін міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, жұмыс жүргізу маңызды.
Мақтаарал аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы аудан аумағында орналасқан тұрмыстық қызмет (монша) көрсететін кәсіпкерлерге ҚР ДСМ-нің 2022 жылғы 26 шілдедегі №67 бұйрығы «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының талаптарын орындау қажеттігін ескертеді.
Моншалар жеке тұрған ғимараттарда орналасуы тиіс. Монша салуда ылғалға, температураға, жуу және дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдар пайдаланылуы қажет. Моншаның үй жайларындағы жиһаздың үстіңгі қабаты тегіс, ылғалды жууға болатын және дезинфекциялау құралдарымен өңдеуге төзімді болуы керек.
Маңызды:
-моншаны таза ұстау, кәріз траптарының бітелуіне және еденде лас судың жиналуына жол бермеу;
-жуынатын бөлмедегі шылапшын, ванналарды өңдеу үшін дезинфекциялау ерітінділері бар ыдыс, тазалау құралдарын, щеткаларды, шүберектерді дайындау;
-шылапшын, ваннаны дезинфекциялау және сумен жуу;
-әрбір келушіден кейін резеңке аяқ киімді фунгицидтік әсері бар дезинфекциялық құралдармен өңдеу;
-бумен қыздыратын бөлмені қоспағанда, моншадағы бөлмелерді қоқысқа арналған урналармен қамтамасыз ету;
-моншаның жуыну-шайыну орындарында кір жууға және оны кептіруге, моншаны пайдалануға қатысы жоқ заттарды сақтауға жол бермеу;
-дезинфекциялық ерітінділерді олардың атауы, мөлшері және дайындалған күні көрсетілген ыдыстарда, дезинфекциялық затты қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, белгіленген мөлшерде дайындап сақтау;
Монша қызметкерлері арнайы киімде болуы қажет, алдын-ала жұмысқа қабылданған кезде және белгіленген тәртіппен мерзімді медициналық тексеруден өтуі керек.
Моншаға қай уақытта бармаған дұрыс?
-артериялық қысым жоғары көтерілген уақытта, жүректің ишемиялық ауруының асқынуында. Бумен қыздыратын бөлмеде жүрек-тамыр жүйесі ең көп жүктеме алатын болғандықтан, бұл тромбоздың, инфарктың немесе инсульттің дамуына әкелуі мүмкін;
-жақында жасалған операциядан кейін, өйткені қан кету немесе тромбоз ықтималдығы жоғары;
-бронх демікпесі ұстамасында;
-бүйрек және несеп тас ауруларында, өйткені тердің көп шығуына байланысты кіші дәреттің пайда болуын азайтады;
-тері ауруларында:қышыма, іріңді бөртпе, вирустық аурулар және басқалар;
-дене температурасы жоғары болғанда, бұл жағдайдың нашарлауына әкеледі.
Б.МЫҢБОСЫНОВ,
Мақтаарал аудандық СЭББ-ның бас маманы.
Монша СЭББ 2023-04-18