«СІБІР ЖАРАСЫ» АУРУЫНАН САҚ БОЛАЙЫҚ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Әлеумет, Маман кеңесі
18/04/2023
1 Views
Қауіпті жұқпалы ауру ежелден мал өсірген қазақ бұл аурудың малдан адамға жұғатынын түйнеме, күйдіргі, қойда кездесетінін топалаң, жылқыда-жамандай, ірі қарада-қараталақ, түйеде-ақшелек, қарабез – деп атаған. Сібір жарасы ауруының қоздырғышы (бациллус антрацис) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды споралар түзеді, ал организмде капсула түзіп қорғанады. Споралар топырақта бірнеше жылдарға (кейбір деректер бойынша 60-100 жылға дейін) сақталады. Мұнымен жылқы, ірі қара, түйе, бұғы, шошқа, есек, мысық, ит ауырады және адамға жұғады. Аурудың ошағы Сібір жарасымен ауырған малдың өлігі, еті, терісі, сойған жердің топырағы болып табылады.
Аурудың белгілері: Ауру өте жіті түрде өтеді. Қой мен ешкіде аурудың клиникалық белгілері көбіне байқалып үлгермей-ақ өліп кетеді. Малдар әрең қозғалып, жиі жатады, бірнеше сағаттан соң ауырған мал талықсып, денесі құрыстанып барып жаны шығады. Жылқы мен сиырда дене қызуы (41-42 С°) көтеріледі, бірденен клегейлі қабықтары көгеріп, жүрек соғуы нашарлайды. Өкпе түрінде- ішінен қан кетеді. Карбункул (көр шиқан) түрінде малдың денесінде бір немесе бірнеше ісік түйіндер пайда болады. Мал дірілдеп қалшылдап, кейде орнынан секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі. Малдың қаны сұйылып, ауыз, мұрын қуыстарынан қан кетіп, жан тапсырады. Созылмалы түрі 2-3 күн. Ауырған, өлген малды союға тиым салынады. Өлген малдың жатқан жағындағы құлақтың екі жағынан буып, байлап ветеринариялық зертханаға патолагиялық материал алынып, тапсырылады. Егер ауру анықталса сол аймаққа карантин қойылып, ветеринариялық іс- шаралар жүргізіледі (ұшасы және ауру малдың терісі, дене мүшелері түгел өртеліп жойылады).
Сібір жарасының адамға жұғу жолдары: ауырған малды лажсыз сойғанда, терісін сылығанда қолындағы жарақат арқылы, етін шала пісіргенде және жансорғыштар арқылы да жұғуы мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары: Сібір жарасымен ауырған малды емделмейді және онымен ауырған малды союға тиым салынады. Сондықтан жануарларыңызды ветеринар дәрігеріне көрсетпей, ауру не аурудан таза екендігіне көзіңізді жеткізбей, лажсыздан союдан аулақ болыңыз. Жануарларыңызды Сібір жарасына қарсы егілетін вакциациядан қалдырмаңыздар. Ауыл шаруашылығы жануарларына вакцинация жұмыстары тегін жүргізіледі. СТИ 55-штамнан даярланған вакциналар қолданылады. Вакцина егілген жануарларды 14 күнге дейін союға тиым салынады. Ауырған, ауруға күдікті жануарларды ветеринар дәрігерлеріне көрсетпей союға, сатуға болмайды. Жаңадан келген жануарларды тез арада ветеринар мамандарына хабарлап, карантинде ұстап, АШЖБ дерек қорына тіркету қажет.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, өз жануарларыңызға уақтылы вакцина ектіруге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге міндетті екендеріңізді ұмытпаңыздар!
Б.МУСТАФАЕВ,
ТО Ветеринария басқармасы «Ветеринарлық қызметі» ШЖҚ МКК Мақтаарал аудандық филиалы
Эпизоотолог мал дәрігері.
Маман кеңесі Сақтық шаралары Сібір жарасы 2023-04-18