ЖЕЛШЕШЕК
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Денсаулық, Маман кеңесі
25/04/2023
2 Views
Желшешек (ветрянка) – инфекциялық ауру, ол вирус арқылы тарайды. Онымен 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар жиі, ал 10 жастан асқан балалар мен ересектер сирек ауырады. Желшешекпен аурып жазылған адамда күшті иммунитет қалыптасады.
Желшешек ауа арқылы тарайды. Сырқаттың инкубациялық (білінбейтін) кезеңі 11 күннен 21 күнге дейін, яғни орташа 14-15 күнге созылады. Науқастың қызуы көтеріледі, терісі мен шырышты қабығында қышыма бөртпе пайда болады. 3-5 күннен соң бөртпенің көбейуі тоқтайды да, қызуы төмендеп, қалпына келеді. Бөртпе қара қотырланып, 1,5-2 аптадан соң қабығы түсе бастайды. Кейде науқастың қызуы көтерілмейтін кездер де болады. Ауру адам кеселдің инкубациялық кезеңінің соңғы кезеңінен бастап және бөртпе шыққаннан кейінгі 9- күнге дейін жұқпалы деп саналады.
Әдетте, желшешек жеңіл өтеді. Бірақ, әлжуаз балаларда асқынатын кезі де кездеседі. Ондайда терісі іріңдейді, құлақтары мен ауызының шырышты қабығы қабынып ауырады. Сондықтан, сырқат бала мұқият күтімді қажет етеді. Аурудың денесі бөртсе, оған қоса температурасы көтерілсе, сырқатты қозғалтпай жатқызып қойған дұрыс.
Төсек-орын жаймасын жиі-жиі алмастырған жөн. Сондай-ақ теріні күтудің де маңызы зор. Баланың денесінде бөртпенің болғанына қарамастан, оны қайнаған сумен немесе қызғылтым етіп езілген калий перманганатына (марганцовка) мақтаны батырып жуады. Бала терісіне қысып, тырнап тастамас үшін қолының тырнағын алып, дәкеден қолғап кигізу керек. Марганцовкамен жиі сүртсе бөрткендер қышымайтын болады.
Баланың ерніне тұзсыз сары май немесе қайнатылған күнбағыс майын жағып, сусынды мол ішкізеді. Сол сияқты, сәбидің танауының тазалығына да қадағалаған дұрыс. Танауындағы жараның қабығын вазелин жағылған мақтамен сүртіп отырады.
Науқас балаға ең керегі- таза ауа мен жарық. Ауру сәбидің жел тимейтін, таза, жылы бөлмеде, өзге балалардан оқшау ұстаған жөн. Серуенге де бөлек алып шыққан ләзім. Баланың қызуы төмендеп, бөрткеннің шығуы тоқтаған соң серуендеуге болады. Сонымен қатар, баланың тамақтануына да назар аударады. Мысалы, қызуы көтерілгенде сәбй тағамнан бас тартады, сырқаты асқынғанда іші өтеді, құсады. Мұндайда оны зорлап тамақтандырған дұрыс емес. Мүмкіндігінше 6-12 сағаттан соң тамақтандырып, оның орнына сусынды көп ішкізеді. Баланың ауызы уылып, тағамнан бас тартса, оған сұйық немесе жұмсақ пісірілген қоймалжың жылы тағам берген орынды. Мұндайда қышқыл және ащы тағамды мүлдем беруге болмайды.
Сондай-ақ, іштің жүруін қадағалайды. Үлкен дәреті жүрмей қалғанда клизма қойып іші өтсе дәрігер келгенше тамақтандырмай, қайнаған суды немесе шайды көп ішкізеді. Желшешек шыққанда дезинфекция жасамайды, науқас бала жатқан бөлмені желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртсе жеткілікті.
Науқаспен қарым-қатынаста болған 7-жасқа дейінгі баланы 11 күннен 21 күнге дейін оңашалау керек.
А.АБИЛДАЕВА,
Мақтаарал аудандық СЭББ-ның бас маманы.
Желшешек инфекциялық ауру 2023-04-25