ДІН – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Білім саласы, Дін, Жас буын, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
11/05/2023
2 Views
Дін – көркем мінез қалыптастырудың ғажайып мектебі. Діни тәрбие – адамның ішкі жан дүниесін тазартып, ізгілікті адам қалыптастыра отырып, дүниені тәрбиелеу арқылы рухани сауаттылыққа жетіп, мінез-құлқын түзеуге көмектеседі. Өз дінінің қадір-қасиетін сезбеген, елінің тарихынан бейхабар жанның ұлт мүддесіне жаны ашымасы анық. Қаншама ақын-жазушылардың, ғұлама-ғалымдардың қанатты сөздеріне қарасақ адамға ең алдымен тәрбие берілуі керек екендігі айтылады. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы тиіс. Діни тәрбиені ұлттық тәрбиемен қатар сіңіріп, жастардың бойындағы отансүйгіштікпен дінде құнды саналатын асыл қасиеттерді қалыптастыруға негіз болып саналады.
Әл-Фарабидің пікірінше тәрбиенің мақсаты адамның бүкіл күш-жігерін, қабілеттерін дамыта отырып, мінез-құлықты кемеліне жеткізе отырып ахлақ тәрбиесі мен діни тәрбиені ұштастыру. Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой өрісі кең адамдарды толық мінезді адам деп атаған. Ал сол толық мінезді адам болу адамның алған діни және адамгершілік тәрбиесінен туындайды.
Адам – барлық танымдардың орталығы, обьектісі. Діни сананы құқықтық, моральдық механизмдер арқылы түзу бағыттасақ, қоғамда ешқандай алауыздық пен мемлекетіміздің тұтастығын бұзатын залалды оқиғалар орын алмайды.
«Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды»,-деп Хакім Абай айтқандай, ең алдымен тәрбие адамның өзінен басталады. Өзін тәрбиелеу арқылы адам қоғамды тәрбиелейді. Ал рухани тәрбие әрбір ақыл иесін өз қалауымен дүниеде де ахиретте бақытқа және рухани кемелдікке жеткізетін, дүниені шынайы танып білуге мүмкіндік беретін ең жоғарғы құндылықтардың бірі. Сол себепті рухани тәрбиенің адам өмірінде алар орны орасан.
Білім берудің қай түрі болмасын – тәрбие. Білім адам өмірінде қаншалықты рөл атқарса, тәрбие одан да маңызды. Себебі әл-Фараби айтқандай:«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы». Қанша білім иесі ғалым болсаңыз да тұла бойыңыздан тәрбие тұнып тұрмаса, онда алған білімнің пайдаға асатыны екіталай.Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды»,-деген қанатты сөздер қарапайым мектеп қабырғасында ұстаздар айтатын «Ең алдымен – тәртіп, сосын – білім»,-деген сөзге тиек болатындай.
Тәрбие – тал бесіктен. Балаға ата-ана, ұстазы, ортасы тәрбие беруші кеңістік. Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық ештеңе бере алмайды. Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару»,-деген. Яғни ақыл иесі адам баласын басқа жаратылыстардан ерекше етіп тұратын қасиеттірінің бірі де осы – тәрбие. Ал тәрбиені беруде ата-ананың атқаратын рөлі орасан. Бірақ тәрбиеші болу үшін ең алдымен тәрбиеленген болу керек. Баланы тәрбиелеуде адамдық болмысынан айырмай, еркін екендігін сезіндіріп тәрбиелеу маңызды. Оған бірден-бір көмекші – дін. Себебі тәрбиеде ең алдымен көркем мінезді үлгі тұтар адам болуы маңызды. Ең көркем ахлақтың иесі – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар. «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім (әл-Хаким)»,-деген хадисінен қандай көркем мінез иесі екендігін аңғара аламыз.
Қорытындылай келе, дін – тәрбиенің басты құралы. Дін – адам өмірінің сақтаушысы, екі дүниеде бақытқа жеткізуші күш. Оны тәрбиенің басты құралы ету де бақытқа жетудің бірден-бір жолы. Қазақ – дінін, салт-дәстүрін берік ұстанған халық. Аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан үйрете білген, тәрбені тал бесіктен берген халық. Дәстүрді дінмен ұштастырып, ұят пен арды қатар сіңірген халық. Бүгінгі таңда Қазақстан қоғамындағы ең өзекті мәселе діни танымды дұрыс қалыптастыру, дін мен дәстүр тұтастығын көздің қарашығындай сақтау. Діни танымды дұрыс қалыптастыру ең бірінші, отбасы институтынан бастау алып, ақыл арқылы діни білім негізінде дамып, тұрақталады. Ал екінші дін мен дәстүр мәселесіне келетін болсақ, ата-бабаларымыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан қазақи дәстүрді ислам дінімен сабақтастыру, ислами тәрбиені жастарымызға тәрбие беруде бірден-бір құндылықпен дұрыс бағыт екенін біле отырып, ұрпақты асыл дініміздің шырынымен сусындата алсақ, ислами тәрбиемен сусындаған жастар – халқымыздың мәдениетінің сақталуының кепілі болатыны айдан анық.
Г.БЕКЖАН,
Теолог маман.
Дін тәрбие құралы 2023-05-11